Жалбыз

Жалбыз – ескі ароматты өсімдіктерінің бірі. Ежелгі уақытта жалбыздың сулы тұнбасы ақылды оятатын, көңіл-күйді көтеретін, ас қорытудың кез-келген бұзылыстарында қолданған. Мифологияда жалбыз қонақжайлылықты білдіреді. Біздің күндерде жалбызды емдік мақсатта, косметологияда, кулинарияда, ароматерапияда қолданады.

Жалбыз – еріндігүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық тамырсабақты өсімдік. Дәрілік мақсатта бұрышты жалбыз қолданылады. Ол – хош иісті, көп жылдық шөптесін өсімдік. Сабағы тік, жапырақтары қарама қарсы орналасқан болады. Оныӊ дала жалбыз, су жалбызы, бұйра жалбыз, кермек немесе бұрыш жалбыз секілді маӊызды түрлері бар. Дала жалбызы суармалы жерлерде, өзен, көл, бұлақ маӊында, шалғындықтар мен тоғайларда, арық бойында өседі. Оны сабынныӊ иісін жақсарту үшін пайдаланады, дәрілік те маӊызы бар. Ал кермек жалбыздыӊ жапырағы мен гүл шоғынан жалбыз эфир майы алынады. Бұл майдыӊ негізгі құрам бөлігі – ментол. Құрамында шайырлы және илік заттар, каротин, гесперидин, аскорбин, хлороген, кофейн, урсол және олеанол қышқылы, аргинин, рутин, глюкоза, бетаин, бейтарап сапонин, фитостерин кездеседі.

Жалбыз түйілуді басатын, седативті, өт айдайтын, тырысуға қарсы, тыныштандыратын, қабынуға қарсы, ауруды басатын әсерге ие. Жалбыз асқорытуды жақсартады, тәбетті ашады, асқазан сөлінің қышқылдығын төмендетеді, лоқсуды әлсіретеді, асқазан түйілуін және коликті қайтарады.