ҚАЗ

Киіз шоңайнасы

Киіз шоңайнасы – күшті пайдалы өсімдік, бөліктері халық медицинасында кеңінен қолданылады. Жапырақтары мен тамыры ежелден бері тамаққа қосылады.

Шоңайна – күрделі гүлділер тұқымдасына жататын екі жылдық ірі жапырақты өсімдік. Негізінен Еуразияның қоңыржай белдеулерінде 10 түрі кездеседі. Қазақстанның барлық өңірінде өсетін 2 түрі бар. Әсіресе киіз шоңайна (Arctіum tomentosum) жиі кездеседі.Биіктігі 60 – 150 см, ұршық тәрізді тамырсабағы болады. Бұл өсімдіктің бірінші жылы тамыры мен дегелек жапырақтары шығып, ал келесі жылы сабағы жапырақтары мен себет гүлшоғыры жетіледі. Сабағы түзу де жуан, бұтақты. Жапырағы жұмыртқа пішіндес, бүтін жиекті, ірі, ұзындығы 20 – 50 см, ені 10 – 30 см, сағағы ұзын, ақ түкті. Гүлі қос жынысты (бір гүлде аталық пен аналық болса), оралып түтікшеге айналған, күлтесі қызғылт күлгін түсті, себеті шар тәрізді гүлшоғырын құрайды. Шілде – тамызда гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жеміс салады. Жемісі – дәнек, ол піскен кезде қорапшасы сынғыш болатындықтан, жақындап кеткен адамның киіміне, мал түгіне жабысады.Тұқымы жеміс серігімен тұтасып бірігіп кеткен.

Шоңайнаның тамырында инулин, протеин, эфир майы, сұйық майы, пальмитин, стеарин сияқты органикалық қышқылдар, шырыштар, илік заттар, ащы және ақуызды заттар, ситостерин, шайырлы және басқа да заттар; дәнінде глюкозидтер және аскорбин қышқылы бар. Киіз шоңайнасы қабынуға қарсы, жараны жазатын, диабетке қарсы, ауруды басатын, несеп жүргізетін және тер шығаратын дәрі ретінде, бауыр және бүйрек тастарын, подаграны, безеуді, сары ауруды, гастритті емдеу үшін қолданылады. Шоңайна – шірнелі өсімдік. Өсімдік антимикробты, антисептикалық, дезинфекциялық қасиетке ие, қышуды басады, аллергияның пайда болуын болдырмайды, зат алмасуды реттеп, қанның лейкоцитарлы құрамын жақсартады, шаштың өсуін күшейтіп, тас түзілу мен тұз жиналудың алдын-алады.