ҚАЗ

Эхинацея

Солтүстік Америкадан шыққан. Индейцтер өте ертеден эхинацеямен жараларын емдеген, сепсисті, жылан шаққандағы уын қайтарған. Кайова және Чейен тайпасының индейцтері науқас киіктерге қарап бақылағанда, олар эхинацеяны қатты қарқынмен жейтінін білген. Сол кезден бері бұл сиқырлы-шөп Солтүстік Америкада «киік тамыры» деген атауға ие болған.

Эхинацея – күрделігүлділер немесе астралар тұқымдастығының көпжылдық өсімдігі, биіктігі 120 см, ені 50 см жетеді. Өсімдік бір немесе бірнеше цилиндр тәрізді бұтақталған сабақтардан тұрады. Тамыры күшті тармақталған тамырсабақтары бар. Төменгі жапырақтары кең эллипсті, шеті тіс тәрізді, түкті, өткірұшты, ұзындығы 20 см және ені 15 см құрайды. Сирек сабақтағы жапырақтары кезектескен, отырыңқы. Кәрзеңкелері дара, ірі – 8-10 см диаметр. Шеткі тілшелі гүлдері 2,5-5 см ұзындықты, ашық-қызыл, ортасы алтын тәріздес сары.

Эхинацеяның құрамында полисахаридтер, шайырлар, илік заттар,дәрумендер мен минералдар бар. Эхинацея – күшті иммуномодулятор және иммуно-ынталандырушы өсімдік. Аллергияға қарсы, ревматизмге қарсы, жараны жазушы қасиетке ие. Іріңді қабыну үрдістерін емдеуде тиімді.