Бұған дейін суппозиторийлерді қолданып көрмеген болсаңыз немесе оларды дұрыс қолданып жатқаныңызға сенімді болғыңыз келсе, онда бұл мақала тығындәріні қалай дұрыс салу керектігін түсіндіреді.
Суппозиторийлер (тығындәрі) – ректальді (яғни анус арқылы тік ішекке) немесе вагинальді жолмен енгізуге арналған оқ тәрізді медициналық препарат. Кіші жамбас мүшелерінің патологияларында (геморрой, цистит және т.б.) жергілікті түрде әсер ету үшін қолданылады. Пероральді тәсілге қарағанда, тығындәрілер асқазан-ішек жолынан айналып өтеді, сондықтан дәрі қабынған жерге барынша жылдам және тиімді түрде әсер ете алады.
Нені білу керек?
- Тығындәрі дене температурасында ериді. Оларды 18°C-ден аспайтын температурада, құрғақ жерде, дұрысы – тоңазытқышта сақтау керек. Суппозиторийді дәл енгізудің алдында ашып, алып шығару керек.
- Тығындәрінің ректальді және вагинальді түрі бар. Тығындәріні қандай да бір аурулар үшін қолданудың мүмкіндіктері туралы мәлімет алу үшін препараттың нұсқаулығын оқып шығыңыз. Мысалы, біздің Фитолеум компаниямыз суппозиторийдің 3 түрін шығарады: Фитолеум Қызылмай тығындәрісі, Фитолеум Қызылмай прополиспен тығындәрісі, Фитолеум шырғанақ Қызылмай қосылған тығындәрісі. Олардың барлығын да ректальді және вагинальді жолмен қолдануға болады.
- Құрамын және қаптаманың ішіндегі нұсқаулықты міндетті түрде оқып шығыңыз. Құрауыштарға аллергияңыз жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Қандай да бір күмән туындаса, дәрігерге хабарласыңыз.
Тығындәріні қалай қолдану керек?
- Тығындәрілер дене температурасында еритіндіктен және көп ұзамай ағып кетуі мүмкін болғандықтан, жоғары тиімділік үшін кемінде 20 минут бойы жатуға тура келетініне дайын болыңыз. Сондықтан да, тығындәрілер жатар алдында жиі қолданылады. Киімді бүлдіріп алмас үшін төсемені немесе майлықты қолданыңыз.
- Әжетханаға барып келіңіз және сабын мен басқа да жуғыш құралдарды қолданбай, тек қана сумен гигиеналық процедуралар жасаңыз.
- Манипуляциялар қолмен жасалады, сондықтан қолыңызды жақсылап жуыңыз немесе саусаққап не қолғап қолданыңыз.
- Бір суппозиторийі бар қаптаманы жыртып алыңыз немесе кесіңіз.
- Қаптаманы ашу үшін, «құлақтарды» суретте көрсетілгендей тығындәрінің өткір ұшынан әртүрлі бағытта тартыңыз.
- Ауруға байланысты, айналшыққа немесе қынапқа тығындәріні (өткір ұшымен) мүмкіндігінше тереңірек енгізіңіз. Мұны біреуге бүйірінде жатып жасау ыңғайлы болса, басқаға – тұрып, бір аяғын орындыққа қойып, сәл отырып жасау ыңғайлы.
- Болды. Жатыңыз. Суппозиторий ериді және сіңеді. Тұрғаннан кейін, ағып кеткен артық затты майлықпен сүртіп алыңыз немесе жылы сумен шайыңыз.
Жиі қойылатын сұрақтар
Тығындәріні ректальді/вагинальді жолмен енгізу ауыртады ма?
Жоқ, ауыртпауы тиіс. Тығындәрі өлшемі әдетте шынашақтан да кішкентай. Бұдан бөлек, мысалы, Фитолеум Қызылмай тығындәрісі Қызыл майды қамтитындықтан, ол ауыртпай енгізіледі.
Тығындәрі ағып кетеді. Бұл қалыпты жағдай ма? Олар ағып кетсе, пайдасы қандай?
Суппозиторийлерді қолданудың мәні – олардағы дәрінің ас қорыту жүйесінен айналып өтіп, өз қасиеттері мен концентрациясын сақтап қалып, мүмкіндігінше тез арада жергілікті түрде әсер етіп, терапиялық әсер етуінде жатыр.
Олардың толығымен сіңудің орнына ағып кетуі қалыпты жағдай, өйткені олардың құрамына балауыз кіреді. Тығындәріні енгізу нәтижесінде, дәрі сіңеді, ал дене температурасында еритін балауыз болса шырышты қабыққа сіңбей, сыртқа шығарылады. Сондықтан да, процедура кезінде төсемелерді қолдану ұсынылады және бәрі бірден ағып кетпей, дәрі сіңуі үшін – енгізгеннен кейінгі алғашқы 20 минут бойы көлденең жата тұрыңыз.
Тығындәріні енгізер алдында тазарту клизмасын жасау керек пе?
Суппозиторийді айналшыққа енгізер алдында дефекацияны жүзеге асыру қажет. Емделуші ішектерді өздігінен тазарта алмаса, оған клизма жасау керек.
Тығындәрімен қанша уақыт бойы жүру керек? Оны қайтадан алып шығару керек пе?
«Жүрудің» қажеті жоқ. Суппозиторийді енгізгеннен кейін кемінде 20 минут жата тұру керек. Сондай-ақ, тығындәріні ұйықтар алдында салып, тік ішекте түні бойы «қалдыруға» болады. Оны алып шығарудың қажеті жоқ — ол еріп кетеді, ал қалдығы ағып кетеді.
Тығындәріні етеккір кезінде салуға бола ма?
Препараттың нұсқаулығында қарсы көрсетімдер немесе етеккір кезінде тығындәріні қолдану жөніндегі түсініктемелер болмаса, онда қолдана беруге болады.
Тығындәріні жүктілік кезінде қолдануға бола ма?
Препаратқа байланысты. Нұсқаулықты оқып шығыңыз, онда осы тармақ көрсетілуі керек. Мысалы, Фитолеум Қызылмай тығындәрісін жүктілік кезінде және бала емізу кезінде қолдана беруге болады.
Тығындәріге аллергия болуы мүмкін бе?
Иә. Кез келген дәрілік препарат сияқты, нұсқаулықта ықтимал жанама әсерлер туралы тармақ бар. Оларды зерттеңіз, сондай-ақ қарсы көрсетімдермен, артық мөлшерлеумен және басқа препараттармен өзара әрекеттесумен танысыңыз. Жанама әсерлері анықталған жағдайда, суппозиторийлерді қолдануды доғарып, дәрігерге қаралу керек.
Балаларға тығындәрі салуға бола ма?
Жас шамасы шектеулері әдетте препараттың нұсқаулығында көрсетіледі. Өзге жағдайларда, емдеу курсын және препараттың мөлшерін жазып беру үшін дәрігерге жүгіну керек.